NAIZA лигасының чемпионы Сайхан Джемухаев чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жекте қарсыласының тағы да ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport+.
«Шынымды айтсам, бұл жағдайға көндігіп кеттім. 1 қарашада кім шықса, сонымен жұдырықтасамын. Соған дайынмын. „Бомба“ лақап атымен танымал жігіттің де мен сияқты мінезі бар екенін білемін. Үш күн бұрын онымен телефон арқылы сөйлескенбіз. Негізі, өзіміздің қазақстандық файтерлермен жекпе-жек өткізгім келмейді. Бірақ амал жоқ, жұдырықтасуға тура келеді», — деді Джемухаев.
Айта кетейік, Сайханның жаңа қарсыласы Муратжан Юсуповтың кәсіпқой мансабындағы көрсеткіші — 7 жеңіс және 1 жеңіліс.
Турнирді Sport+ Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.
