«Қайрат» футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шығуды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Себебі Бельгияда өтіп жатқан екінші топтың ойындарына румыниялық «Юнайтед Галац» командасы келмеді. Осыған байланысты оның барлық қарсыласына 5:0 есебімен техникалық жеңіс берілді.
Осылайша, турнирдің алғашқы күнінде-ақ топтағы қалған үш команданың Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне жолдама алғаны белгілі болды. Енді тек олардың топтағы орындарын анықтау қалды.
Алаң иесі «Андерлехт» пен алматылық «Қайрат» Латвияның «Бейтар» командасын тиісінше 6:0 және 5:3 есебімен жеңді.
Енді қос команда өзара кездесуде топ жеңімпазын анықтайды.
«Андерлехт» — «Қайрат» матчы 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні, Астана уақытымен сағат 00:30–да басталады.
Кездесуді Sport+ Qazaqstan телеарнасынан, сондай-ақ sportplustv.kz сайтынан тікелей эфирде тамашалауға болады.
