31 қазанда футболдан Қазақстан Премьер-лигасының соңғы, 30-турының матчтары өтеді. Бұл күні маусымның басты сауалдарының біріне жауап табылады — қай командалар Бірінші лигаға түседі?
Соңғы тур алдында «Жетісу» мен «Қайсар» турнирлік кестенің төменгі бөлігінде, яғни төменгі лигаға түсіп қалу аймағында орналасқан. Сонымен қатар «Алтай» мен «Атыраудың» да Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу мәселесі әлі шешілген жоқ.
Барлық командалар соңғы турдағы кездесулерін бір уақытта өткізеді.
Маусымның аяқталуына екі тур қалғанда «Қайсар» басшылығы команданы қиын жағдайдан алып шығу үшін Талғат Байсуфиновты бас бапкер қызметіне шақырды. Оның жетекшілігіндегі алғашқы кездесу «Астанаға» қарсы өтіп, тең нәтижемен аяқталды.
Енді қызылордалықтарды «Жеңіске» қарсы матчта жеңістен басқа нәтиже қанағаттандырмайды.
Алайда елордалық команда да қарсыласына оңайлықпен жол бермек емес. Бас бапкердің міндетін атқарушы Антон Чичулин өткен турда «Ордабасымен» тең түсіп, шымкенттік клубтан ұпай алды.
Енді Антон Борисовичті бапкерлік қызметіндегі кезекті маңызды сынақ күтіп тұр.
Соңғы турдың барлық кездесуі сағат 15:00–де басталады.
«Жеңіс» — «Қайсар» матчын Sport+ Qazaqstan телеарнасынан, сондай-ақ sportplustv.kz сайтынан тікелей эфирде тамашалауға болады.
